«Жасыл мектеп» – табиғатпен үндескен білім ордасы
#79 мектеп-лицейінде Болат Өтемұратов қорының қолдауымен «Жасыл мектеп» бағдарламасы аясында жылыжай іске қосылды. Бұл жоба мектеп оқушыларына табиғатпен тығыз байланыс орнатып, экологиялық тәрбие беру, еңбекке баулу және өсіру мәдениетін үйретуге бағытталған.
Жылыжайда 15 сәуірде тұқым себілген болатын. Қияр, шалғам, ас көк, сәбіз, тұрып, қызылша, брокколи секілді көкөністер егілді. Небәрі бір ай ішінде, яғни 15 мамыр күні алғашқы өнім жиналды. Бұл – оқушылар мен мұғалімдердің бірлескен еңбегінің жемісі.
Жоба аясында оқушылар өсімдіктерді күтіп-баптау тәртібі мен ережесін үйреніп, экологиялық сауаттылықтарын арттыруда. Күнделікті суару, топырақты қопсыту, тыңайтқыш қолдану, зиянкестерден қорғау сияқты агротехникалық жұмыстарға белсене қатысып жүр. Мұның бәрі балалардың табиғатты түсініп, еңбекке құрметпен қарауына ықпал етеді.
Жылыжай – тек көкөніс өсіру алаңы емес, балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыратын тәрбие құралына айналды. Оқушылар топпен жұмыс істеуді, жауапкершілікті сезінуді, тәртіп пен ұқыптылықты тәжірибе арқылы меңгеріп келеді.
#79 мектеп-лицейінің оқушылары бұл бастаманы ерекше ықыласпен қабылдады. Олар үшін бұл – теориялық білімді өмірде қолданудың нақты үлгісі. Мектеп ұжымы мен ата-аналар да жылыжайдың пайдасын көріп, жобаның тұрақты жалғасуын қолдауда.
«Жасыл мектеп» бағдарламасы – жас ұрпақтың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастырудағы маңызды қадам. Болат Өтемұратов қорының осы жобасы экологиялық тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналып отыр. Мұндай бастамалар балалардың бойында экологиялық жауапкершілік пен еңбекке деген сүйіспеншілік ұялататыны сөзсіз.
Биология пәні мұғалімі: Нуржанова Арайлым Базарбаевна